БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Арал халқымен кездеспекші
АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Сарангоо Раднаарагчаа Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастықтың маңызы туралы пайымдарын айтты.

- Қазақстанда БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі ретінде қандай іргелі жұмыстарға атсалысып жатырсыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ...
- Бұл лауазымда жұмыс істей бастағаныма екі ай болды. Алғашқы екі ай өте қарқынды жұмыстарға толы болды. Өздеріңіз білетіндей, БҰҰ Бас хатшысы Алматыға барды. Осы уақыт ішінде мен де екі өңірге бардым.
Бірінші сапар Қызылордада өтті, онда ұлттық урбанистика форумына қатыстым. Екінші сапар Ақтауда келесі жылы өтетін өңірлік экологиялық саммитке дайындыққа арналды. Дайындық аясында Орталық Азия елдері қоршаған ортаны қорғау министрлерінің кеңесіне қатыстым. Келесі аптада Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымындағы әріптестеріммен бірге Қызылорда облысының Арал аймағына климаттық өзгерістер мен экологиялық дағдарыстың жергілікті халық денсаулығына қалай әсер еткенін өз көзіммен көру үшін сапар жасаймын.
- Қазақстан Арал дағдарысынан бастап өнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жаратуға дейінгі күрделі экологиялық проблемаларға тап болып отыр. БҰҰ мен Қазақстанның экологиялық ынтымақтастығында қандай бағыттарды басым деп санайсыз?
- Менің ойымша, су ресурстарын басқару басым міндет болып қала береді. Қазақстан қазірдің өзінде су тапшылығына тап болып отыр. Өнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жарату да маңызды мәселе.
- Сіз трансшекаралық ынтымақ жөніндегі сарапшысыз. Орталық Азия елдері қандай экологиялық сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру керек деп олайсыз?
- Шынында да, экологиялық проблемалар шекара танымайды. Су тапшылығы да, ауаның ластануы да сондай. Биоалуандықты қорғау мәселелері, атап айтқанда, жануарлардың көші-қоны өзара үйлестіруді қажет етеді.
Жақында өткен SDG форумында зерттеушілердің бірі мұздықтардың еруін жаһандық жылыну процесі ғана емес, Арал теңізінің табанынан ұшқан тұзды шаңдар да жылдамдатып жатқанын айтты. Мұндай проблеманы Орталық Азия елдері бірлесіп әрі тұрақты айналысу арқылы ғана шеше алады.

- БҰҰ Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуіне қалай көмектеседі?
- Елде БҰҰ-ның 27 агенттігі жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында өз саласы бойынша техникалық сараптама бар. Бұл білімді мемлекеттік органдар жұмысына пайдалана алады.
Мысалы, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітті. Сондай-ақ, «жасыл» экономика, су ресурстары сияқты біз техникалық қолдау көрсететін басқа да бағыттарды стратегиясына енгізген.
Екіншіден, БҰҰ өңірлерде пилоттық бастамаларды іске асырып жатыр. Кейін бұл жобалар ұлттық деңгейде масштабталуы мүмкін.
Үшіншіден, біз БҰҰ құрылымдары басқаратын көпжақты келісімдерде бекітілген халықаралық нормалар мен стандарттарды енгізуге ықпал етеміз.
Жақында біз БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі ынтымақтастығының негіздемелік бағдарламасына қол қойдық. Бұл – Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ-ның елдегі агенттіктері арасындағы өзара іс-қимылдың бес жылдық жоспары.
Жуықта, бәлкім қазан айында болар, осы бағдарламаны іске қосамыз. Бұл шара Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына дөп келіп отыр.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елді дамыту саясатында жасанды интеллект және цифрландыруға басымдық берілетінін айтты. БҰҰ бұл бағытта қандай рөл атқара алады?
- Кейінгі бес жылда БҰҰ үшін де цифрландыру мен ЖИ басым бағытқа айналды. «БҰҰ 2.0» тұжырымдамасының өзегінде де цифрлық технологиялар мен сапалы деректер жатыр.
Президент атап өткендей, киберқауіпсіздік тәуекелдерін де ескеру қажет. Жасанды интеллект білім беру мен экология саласының дамуын жеделдете алады. Бірақ оны енгізу тиісті қауіпсіздік шараларымен қатар жүру керек.