БҰҰ Түркиядағы жер сілкінісі шығынын 100 млрд долларға бағалады

None
Фото: aa.com.tr
ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат - Түркияға зілзала салдарынан келген залал 100 млрд АҚШ доллардан асуы мүмкін. Бұл туралы Түркиядағы БҰҰ Даму бағдарламасының ресми өкілі Луиза Винтон сейсенбі күні өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ресейлік ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Түркия үкіметі ұсынған және халықаралық серіктестер қолдаған бүгінгі күнге дейін жүргізілген есептеулерден залалдың көлемі 100 миллиард доллардан асатыны анық», - деп атап өтті Л. Винтон Газиантептен бейнебайланыс арқылы.

Луиза Винтон ең көп зардап шеккен Хатай провинциясындағы жағдайды «апокалипсиске» теңеп, жүздеген мың тұрғын үйдің қирағанын айтты. «Қажеттіліктер көлемі жоғары, бірақ ресурстар аз», - деп қосты халықаралық шенеунік.

Бұған дейін Дүниежүзілік банк 6 ақпанда болған жер сілкінісі салдарынан Түркия экономикасына келген шығынды 34,2 миллиард долларға бағалаған болатын. Шығын көлемі жер сілкіністерінің жалғасуына байланысты өсуі мүмкін. Апат салдарын қалпына келтіру және жою жұмыстары Түркияға одан да қымбатқа түсуі мүмкін.

«Қалпына келтіру және қайта құру шығындары әлдеқайда көп. Шығын екі есеге артуы мүмкін. Сол сияқты экономикалық бұзылуларға байланысты ЖІӨ шығындары зілзаладн келген шығын сомасына қосылады», - делінген еді Дүниежүзілік банктен.

6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында 9 сағаттық интервалмен 7,7 және 7,6 баллдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері республиканың 10 провинциясында және көп зардап шеккен Сирия және көрші елдерде сезілді. Дүйсенбіде Хатай провинциясында 6,4 және 5,8 балдық элементтердің екі жаңа соққысы тіркелді.

Айта кетейік, Түркия президенті зілзаладан қаза болғандар саны 46,1 мыңнан асқанын мәлімдеген еді.


Соңғы жаңалықтар