БҰҰ жаһандық жылыну 1,5 градустық межеден асуы мүмкін екенін ескертті

АСТАНА. KAZINFORM — Жаһандық жылыну Париж келісімінде белгіленген 1,5 градус Цельсий межесінен асып кетуі мүмкін. Сарапшылар климаттық қауіптердің күшейетінін айтып, парниктік газдар шығарындыларын шұғыл қысқарту қажет екенін ескертті. Бұл туралы БҰҰ хабарлады.

БҰҰ жаһандық жылыну 1,5 градустық межеден асуы мүмкін екенін ескертті
Фото: БҰҰ

2026 жылғы «Қайтар нүктесі» деп аталатын шығарындылар деңгейі туралы баяндамаға сәйкес, елдер келіскен климаттық міндеттемелердің барлығы орындалған күннің өзінде жаһандық температура 2,6 градусқа көтерілуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, болжамдар былтырғымен салыстырғанда нашарлаған. Бұған АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы және бұрынғы кезеңдердегі шығарындылар көлеміне берілген бағалардың қайта қаралуы себеп болған.

Соған қарамастан, жаһандық жылынудың салдарын шектеуге әлі де мүмкіндік бар. Ғасырдың ортасына қарай температураның шарықтау шегі 1,7-1,8 градустан аспауы үшін парниктік газдар шығарындыларын 2025 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай 18%-ға, 2035 жылға қарай 45%-ға және 2040 жылға қарай 69%-ға қысқарту қажет.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш температураның 1,5 градус межесінен асуы жағдайды өзгерту мүмкін емес дегенді білдірмейтінін атап өтті.

— Температуралық межеден асу — берілумен тең емес. Біз оның ауқымы мен ұзақтығын барынша азайтып, ғасыр соңына қарай температураны қайтадан 1,5 градустан төмен түсіре аламыз, — деді ол.

БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) атқарушы директоры Ингер Андерсен температураның әрбір қосымша үлесі қауіпті климаттық құбылыстардың, соның ішінде жойқын су тасқындарының, аптап ыстықтың және орман өрттерінің қаупін арттыратынын ескертті.

Сонымен қатар сарапшылар қазірдің өзінде қолға алынған шаралардың тиімділігін атап өтті. ЮНЕП бағалауынша, электр энергетикасы саласындағы климаттық саясат шығарындыларды орта есеппен 9%-ға қысқартуға мүмкіндік берген. Ал көміртек салығы мен квоталар саудасын қоса алғанда, экономикалық тетіктерді қолдану әртүрлі салаларда шығарындыларды 5-13%-ға азайтқан.

Жаңартылатын энергетиканың дамуы да оң нәтиже көрсетіп отыр. Париж келісімі қабылданғаннан бері жаңартылатын электр энергиясын өндірудің әлемдік қуаттары болжанған деңгейден үш есе жылдам өскен, ал күн энергетикасын енгізу қарқыны жеті есе артқан.

Шығарындыларды одан әрі қысқарту үшін елдер қазба отыннан бас тарту үдерісін жеделдетуі қажет. 2035 жылға қарай әлемдік энергиямен жабдықтаудағы көмірдің үлесі кемінде 55%-ға, мұнайдың үлесі 15%-ға, газдың үлесі 5%-ға қысқаруға тиіс. Бұл көрсеткіштер 2025 жылғы деңгеймен салыстырылады.

Ал 2040 жылға қарай көмірді кемінде 75%-ға, мұнайды 30%-ға, газды 35%-ға қысқарту қажет.

Бұдан бөлек, метан шығарындыларын 2035 жылға қарай кемінде 25%-ға, ал 2040 жылға қарай 40%-ға азайту керек.

ЮНЕП климаттық мақсаттарға жету үшін тиімділігі дәлелденген шараларды кеңінен енгізу, жаңартылатын энергетиканы дамыту және халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін 2026 жылғы қыркүйекте Дүниежүзілік мұхит бетінің орташа температурасы 21,05 градус Цельсийге жетіп, осы ай үшін жаңа рекорд орнатқанын хабарланғанбыз. Метеорологтар мұхиттың рекордтық деңгейде жылынуына 2026 жылы ерекше күшейген Эль-Ниньо табиғи климаттық құбылысы себеп болғанын айтады.