БҰҰ Жоғары комиссары АҚШ-тың 12 елдің азаматтарына елге кіруіне тыйым салуына алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссары Фолькер Тюрк бейсенбі күні АҚШ-тың елге кіруге тыйым салу туралы бастамасына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Синьхуа.

Синьхуа-ға жолдаған мәлімдемесінде ол кең ауқымды және барлық саланы қамтитын жаңа тыйымдардың халықаралық құқық тұрғысынан алаңдаушылық тудыратынын жеткізді.
Ф.Тюрк-тің сөзінше, халықаралық құқық мемлекеттердің өз шекараларына қатысты мәселелерді дербес реттеуін қолдайды. Алайда мемлекеттер заң алдында ұлты, шыққан тегі, діні, миграциялық мәртебесіне қарамастан алалауға жол бермей, барлық азаматтардың құқықтарының бірдей сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
- Біз сонымен қатар менмендік пен тәкаппарлыққа толы осындай мәлімдемелердің сөз болып отырған адамдарды АҚШ-та да, өзге елдерде де басынуға жол беріп, оларға төзімсіздік танытып, жауығу әрекеттерін қоздыруы мүмкіндігіне алаңдаймыз, - деп қосты Жоғары комиссар.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Азия, Африка мен Латын Америкасының 12 елінің азаматтарының елге кіруіне тыйым салатын және тағы 7 елдің азаматтарына шектеу қоятын жарлыққа қол қойды.
Ақ үйдің хабарлауынша, Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваториалды Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан мен Йемен азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салынған.
Бұл тыйым 9 маусым күні күшіне енеді.
Сондай-ақ Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Венесуэла мен Түрікменстан азаматтарына ішінара кіруге тыйым салынды.