Былтыр 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба іске асырылды

«2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдіруші өнеркәсіпте оң үрдіс байқалып, жиынтық көрсеткіш 103,4%-ды құрады. Оның қатарында машина жасау саласы автокөлік құралдары, трейлерлер мен жартылай тіркемелер, электр жабдықтары, машиналар мен өзгеде жабдықтарды шығару бар. Сондай-ақ, басқа кіші салалар есебінен 9,4% деңгейінде тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Сол сияқты түсті металлургияда нақты көлем индексі 105,5% құрады», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, өткен жылы елімізде тазартылған мыс, құйма алтын, тазартылған алтын мен күмісті өндіру көлемі артқан.
«Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 10,2% өсті. Көміртегі диоксиді, хлор, тұз қышқылы, күкірт қышқылы, сұйық аммиак өндірісінің көлемі ұлғайды. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі тоқыма бұйымдары, киім және былғары өнімдер өндірісінің өсуі есебінен 6%-ға артты. Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі гипс, құрылыс ерітіндісі және кірпіштер өндірісінің өсуі есебінен 1,3% өсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Жобалар экспорттық әлеуетті ұлғайта отырып, өндеуші өнеркәсіптік өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.