Былтыр 3 мыңнан астам қазақстандық жол апаттарында қаза болды
АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Жол полициясы тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан республиканың жолдарында апаттылық жағдай күрделі күйінде қалуда.
Мәселен, 2012 жылдың он екі айында 14 168 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оларда 3 022 адам қайтыс болып, 17 488-і түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алды. Бұл туралы ІІМ Жол полициясы комитетінен хабарланды.
Комитет мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 17,9 пайызға өскен. Ал оның салдарынан қайтыс болған және жарақаттанғандардың саны тиісінше 11,6 пайызға және 24,9 пайызға артып отыр.
«Жол апаттары санының өсуі Қызылорда мен Алматы облыстарынан басқа барлық өңірлерде байқалуда. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының 70,2 пайызы немесе 9 952-сі елді мекендер аумағында тіркеліп отыр, 18,6 пайызы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда жасалған. Бұдан бөлек, жергілікті жолдарда 1 560 жол-көлік оқиғасы тіркелген», - делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл ретте, жолдағы оқиғалардың басым дені Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын көлік жүргізушілердің кінәсінан болып отырғаны белгілі болды.