Былтыр 39 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы елімізде 39 мың жүргізуші автокөлік басқару құқығынан айырылды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі жергілікті полиция қызметі тақырыбына арналған Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

Былтыр 39 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

Сөз арасында министр республика бойынша жол қозғалыстарын бақылау едәуір күшейтілгенін атап өтті. Оның айтуынша, қабылданған шаралар арқасында соңғы 3 жылда еліміздегі автопарктер санының өсіміне қарамастан, жол-көлік апатының көрсеткіштері төмендеу үдерісін көрсете бастады.

«Өткен жылы жол-көлік оқиғаларының саны 7 пайызға төмендеді, ал бұл оқиғалардан болатын адам өлімі 5 пайызға, жарақат алушылық 7 пайызға азайды. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 4,5 айындағы көрсеткіштер бойынша жол-көлік оқиғалар саны 2 пайызға, кісі өлімі 10 пайызға, жарақат алу 1,5 пайызға төмендеді. Бұл ретте апаттың 70 пайыздан астамы жүргізушілер кінәсінен - негізінен жылдмдықты арттырудан, маневр ережесін дұрыс сақтамаудан, жаяу жүргіншілерге қатысты ережені орындамаудан орын алған», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, осындай бұзушылықтың салдарынан 2015 жылы 39 мың жүргізуші көлікті басқару құқығынан айырылды.

«Тұтастай алғанда, 2015 жылы еліміздің аумағындағы жолдарда 2,5 миллионан астам құқық бұзушылықтың алды алынды. Олардың жартысына жуығы фото- және бейне тіркеу жүйесі арқылы анықталып, 5,8 миллиард теңгеден астам айыппұл салынған.