Былтыр елімізде 2 млн. астам әкімшілік құқық бұзушылық орын алған - Е.Тұрғымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы елімізде 2 млн. 767 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық орын алды. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «Әкімшілік заңнаманы реформалау: проблемалар мен жетілдіру бағыттары» тақырыбында өткен конференцияда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті.

Былтыр елімізде 2 млн. астам әкімшілік құқық бұзушылық орын алған  - Е.Тұрғымбаев

ІІМ орынбасарының айтуынша, былтыр елімізде анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтың 2 млн. 187 мыңына айыппұл салынып, оның мөлшері 17 млрд. теңгеден асты. Мұның шамамен 10 млрд. теңгесі немесе 59 пайызы бюджетке өндіріп алынған.

«Жалпы, анықталатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың 84 пайызы ішкі істер органдарына тиесілі», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Бұдан бөлек, министрдің орынбасары жалпы алғанда әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттерді қылмыстық санатқа алмастыру жалпы қылмысқа қатысты профилактикаға теріс әсер ететінін атап өтті. Ерлан Тұрғымбаевтың сөзіне қарағанда, бұл түрмедегілердің санының артуына ықпал етпек.

«Әкімшілік қылмыстық әрекеттердің кейбірін қылмыстық әрекеттерге ауыстыру түрме халқын автоматты түрде 2 есеге арттырады. Сондықтан біз әкімшілік кодекстің жобасына әкімшілік қамауға алуды әкімшілік жазалау шарасы ретінде қарастыруды, сонымен бірге бірқатар қылмыстық әрекеттерді әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызу туралы мәселені қайта қарауды ұсынамыз», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.