Былтыр елімізде 47 мың травматикалық қаруды тұрғындар өз еріктерімен тапсырған
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Қазақстанда азаматтар өз еріктерімен 47 мың травматикалық қару тапсырған. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті.
«Қазақстанда азаматтық айналымда травматикалық қаруға тыйым салынғандықтан, 2015 жылы біз ол қаруларды халықтан сатып алу шарасын өткіздік. Жалпы былтыр ішкі істер органдарына 44,5 мың азамат хабарласып, жалпы құны 2,3 млрд теңгеге 47 мың қару тапсырған», - деді Е.Тұрғымбаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, травматикалық қару қоғамдық қауіпсіздікті жақсарту мақсатында тыйым салынды.
«2015 жылы травматикалық қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың саны 79 пайызға кеміген. Биыл екі айда тек екі оқиға тіркелді», - дейді ол.
Е.Тұрғымбаевтың атап өткеніндей, аталмыш қару негізінен басқа мақсаттарға пайдаланып кетеді.
«Қазіргі уақытта травматикалық қарулар қылмыстың қаруына айналды. Мәселен, 2008 жылы травматикалық қарудың қатысуымен тек 46 қылмыс орын алса, 2012 жылы ол 375-ке дейін жетті. Қарап отырсақ сегіз есе өскен. Осы аралықта травматикалық қарудан 22 адам өлтірілді, 257 қарақшылық шабуыл, 642 бұзақылық және өзге де қылмыстар жасалды», - деп қорытындылады ҚР ІІМ басшысының орынбасары.