Былтыр елімізге заңсыз кірген Өзбекстанның 59 мың азаматы жауапқа тартылып, 1 946-ы елден шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы елімізге заңсыз кірген Өзбекстанның 59 мың азаматы әкімшілік жауапқа тартылды, ал 1 мың 946 азаматы елден шығарылды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов мәлім етті.
Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.
Құжатты талқылау барысында депутат Камал Бұрханов көрші елдерден, соның ішінде Өзбекстаннан келетін заңсыз көші-қонның проблемасы бар екенін алға тартып, келісімді қабылдаудың нәтижесінде ондай заңсыз келушілерді қайтару рәсімдеріне назар аударған болатын.
Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Демеуов реадмиссиясы мәселесі Қазақстан немесе Өзбекстан мемлекеттері тарапынан жасалған үшінші елдер арқылы да жүзеге асатынын атап өтті.
«2014 жылғы мәліметтерді алсақ, Қазақстанға 530 мың Өзбекстан азаматы келген болатын. Ал кіріп-шыққан (бір тәулікке) азаматтар саны 3 млн. 640 мыңнан асады. Сондай-ақ заңсыз көші-қон бойынша әкімшілік жауапқа тартылғандар саны 59 мың адамды құрап отыр. Соның ішінде елімізден 1 946 Өзбекстан азаматы шығарылды», - деді М.Демеуов.