Былтыр елордалық бизнес субъектілері электр энергиясына 90 млн теңге төлеген
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коммерциялық мақсатта пайдаланылатын ғимараттардың басшылары энергия үнемдеуге мүмкіндік беретін технологияларды енгізуге ниетті емес. Бұл туралы аталған саладағы мәселелер талқыланған жиында «Qaz Property» басқарушы және сервистік компаниялар қауымдастығының мүшесі Александр Деревянко мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Энергия тұтыну көлемі артып барады. Тиісінше, жетіспеушілік байқалып отыр. «Жасыл энергия» көздерін енгізуге кедергі болып тұрған мәселелер бар. Оның бастысы – мемлекет және квазимемлекеттік институттар тарапынан ынталандырудың болмауы. Сонымен қатар коммерциялық ғимараттардың басшылары энергия үнемдеуге мүмкіндік беретін технологияларды енгізуге ниетті емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 1,7 млн шаршы метр аумақты алып жатқан офистік орындар бар. Олардың барлығы жылына 384 548 мегаватт элект энергиясын пайдаланады. Ал республика бойынша энергия жетіспеушілігі сағатына 1.3 гигаватты құрайды», - деді Александр Деревянко.
Сарапшылар дерегінше, офистердегі электр энергиясы көбіне жылыту, желдету мен салқындатуға арналған технологияларға жұмсалатынын айтты. 2020 жылы елордада бизнес субъектілері электр энергиясына 67 млн теңге төлеген. Мамандар келтірген ақапарт бойынша былтыр кәсіпкерлер 90 млн теңгеге электр энергиясын тұтыныпты. Сарапшылар бұл тарифтердің өсуіне байланысты екенін түсіндірді.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында электр энергиясының бағасы 8 пайызға өсетінін хабарлап едік.