Былтыр Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда айналымы 74,5 млн. долларды құрады
Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-эстон үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы барысында мәлім болды.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының келтірген деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда айналымы 2010 жылы 74,5 млн. АҚШ долларын құраса, бұндағы экспорт 52,7 млн. доллар, импорт 21,8 млн. долларға жеткен. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артық.
Жалпы, Қазақстанда эстондық капиталдың қатысуымен ашылған 28 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. Сонымен қатар, 1993 жылдан бастап 2010 жылғы 31 наурызға дейінгі мәлімет бойынша Эстонияның Қазақстанға тікелей инвестициясының жалпы ағыны 16,2 млн. долларды құраған.