Былтыр туризмнен түсетін салық көлемі 1,5 есе өскен

«Туристік саланы дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалды. Шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік «Tax free» тәжірибесі енгізілді. Визасыз елдер тізімін, сондай-ақ туристер Қазақстанға визасыз келе алатын мемлекеттер санын кеңейту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.
Елдердің арасындағы осындай кедергілерді алып тастау Қазақстанда туризмнің дамуына елеулі серпін береді. Мұны салық түсімдерінен көруге болады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салықтардың көлемі 390 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп», - деді ҚР Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді.
«Осыған байланысты инфрақұрылымға түсетін жүктеме де ұлғаяды. Білікті кадрлар мен жоғары сервиске деген сұраныс көп.
Туризм саласына тартылатын инвестициялар табысты болуы үшін әкімдіктер осындай маңызды факторларға ерекше назар аударуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.