Былтырға қарағанда Қазақстанда суға кеткен балалар саны артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанда 149 бала суға кетті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті.

Былтырға қарағанда Қазақстанда суға кеткен балалар саны артты

«Жыл басынан бері Қазақстан аумағында 398 адам суға батты, оның 149-ы - балалар. Ал суға шомылу маусымында 273 адам cуға кетсе, соның 78-і балалар. Өткен жылды толықтай алсақ, 473 адам су айдындарында көз жұмса, оның 107-cі балалар болды. Атап айтқанда, былтырмен салыстырғанда балаларға қатысты қайғылы оқиғалар саны артты»,-деді Р. Иманқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті полиция қызметі бірлесіп жұмыс атқаруды бастағаннан бері профилактикалық шараларды жүргізуде оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, мас күйінде суға шомылу себебі бойынша суға батып кеткен адамдардың саны 38 пайызға азайды (2015 жылы - 125 адам,  2016 жылы - 78 адам).

 «Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында су айдындарында адамдардың көз жұмуы фактілері көбірек тікелді. Яғни, нақты сандарға тоқталатын болсақ, ОҚО-да 67 адам суға кетті, оның ішінде 40-ы балалар мен жеткіншектер, Алматы облысында 44 адамның 15-і балалар, Жамбыл облысында 36 адам, сондай-ақ Қызылорда облысында 31 адам суға батты»,-деді ресми өкіл.

Белгілі болғандай, жыл басынан бері құтқарушылар 836 адамды, оның ішінде 173 бала мен жеткіншектерді құтқарды.

«Әлі де жылы күндер еліміздің оңтүстік, батыс өңірлерінде болжанып отыр. Сондықтан да су айдындарында тұрғындарды қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырамыз»,-деп түйіндеді сөзін ол.