Былтырғы жылғы бала туу көрсеткіші бойынша Қазақстан 3-ші орында тұр - Қаржы министрі
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінің таныстырылымы барысында Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2009 жылы елімізде медико-демографиялық жағдайдың одан әрі жақсара бастағаны байқалды. Мәселен, есепті кезеңде еліміздегі адамның өмір сүруі 68,5 жасқа дейін ұзарды. Бала туу көрсеткіші бойынша Қазақстан 3-ші орында тұр. Адам өлімі көрсеткіші мың адамға 9-дан келіп отыр. Ана өлімі көрсеткіштері де жақсы жаққа қарай өзгеріп келеді, сонымен бірге балалар өлімі де азайған», деді Қаржы министрі Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, былтырғы жылы елімізде туберкулезбен ауыратындар саны 16 пайызға, бұл науқастан қайтыс болатындар саны 26 пайызға төмендеген. «Әрине, мұндай әлеуметтік көрсеткіштердің жағымды сипатқа енуі ең алдымен осы салаларға бағытталған қаржыға да байланысты», деді Б. Жәмішев.