Бюджет ашық бола түседі: Қазақстанда азаматтық бюджетті әзірлеу ережелері жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 21 мамырда ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен бюджетті жоспарлау және атқару кезеңдерінде азаматтық бюджетті әзірлеу, ұсыну және жариялау қағидалары бекітілді.

Құжат 2025 жылғы 6 маусымнан бастап күшіне енеді. Бекітілген ережелерге сәйкес, азаматтық бюджет — республикалық және жергілікті бюджеттердің негізгі көрсеткіштерін түсінікті әрі көрнекі түрде көрсететін ақпарат. Оның негізгі мақсаты — азаматтарға мемлекеттік қаражаттың қалыптасуы мен жұмсалуы туралы қолжетімді мәлімет беру.
Жариялау форматтары мен арналары
Азаматтық бюджет мына ресурстарда жарияланады:
- орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында;
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сайттарында;
- міндетті түрде — «Ашық бюджеттер» интернет-порталындағы арнайы «Азаматтық бюджет» бөлімінде.
Әзірлеу кезеңдері
Азаматтық бюджет мемлекеттік қаржыны басқару үрдісі келесі кезеңдерінде әзірленіп, жарияланады:
- жоспарлау кезеңінде (бюджетті қалыптастыру, бекіту және нақтылау);
- бюджетті атқару кезеңінде.
Жауапты органдар
Азаматтық бюджетті әзірлеу және жариялауды мына органдар қамтамасыз етеді:
Республикалық деңгейде:
- жоспарлау сатысында — бюджет жоспарлауға уәкілетті орталық орган;
- атқару сатысында — бюджетті атқаруға уәкілетті орталық орган.
Жергілікті деңгейде:
- жоспарлау кезінде — облыс, қала және аудан әкімдіктері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті органдар;
- атқару барысында — тиісті әкімдіктер және бюджетті атқаруға уәкілетті жергілікті органдар;
- бюджеттік бағдарламалар әкімшілері — шығын бағыттары бойынша;
- квазимемлекеттік сектор субъектілері — бөлінген бюджет қаражаты бойынша.
Рәсімдеуге қойылатын талаптар
Азаматтық бюджеттің мазмұны қысқа, нақты әрі көпшілікке түсінікті түрде ұсынылуы тиіс. Ақпаратты көрнекі жеткізу үшін инфографика, диаграммалар, кестелер, сызбалар мен иллюстрациялар пайдаланылады.
Ауқымды материалдар электронды өңдеуге қолайлы форматта жарияланады:
- кестелер — Excel форматында;
- мәтіндік ақпарат — Word форматында.
Азаматтық бюджеттің бөлімдері әкімшілік-аумақтық ерекшеліктерді ескеретін өңірлік деректермен толықтырылуы мүмкін.
Бюджет процесінің сипаттамасы
Жоспарлау кезеңінде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
- бюджетті әзірлеуге жауапты субъектілер;
- бюджетті қарау және бекіту тәртібі, оған қатысты нормативтік құқықтық актілерге сілтемелер.
Атқару кезеңінде мынадай ақпарат жарияланады:
- бюджетті атқаруды қамтамасыз ететін органдар;
- кірістер мен шығыстар бойынша бюджетті атқарудың негізгі кезеңдері;
- ұлттық ресурстардың көздері мен жұмсалу бағыттары;
- бюджеттік сыныптама бойынша егжей-тегжейлі деректер;
- Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы қысқаша ақпарат (себептері мен мерзімін көрсете отырып);
- есепті қаржы жылына арналған бюджетті атқару туралы жылдық есепті әзірлеу, қарау және бекіту процесі.
Қосымша ережелер
Ережелерде сондай-ақ мына тәртіптер айқындалады:
- жоспарлау кезеңінде азаматтық бюджетті әзірлеу (қалыптастыру, бекіту, нақтылау);
- атқару кезеңінде әзірлеу;
- азаматтық бюджетті жариялау.
Аталған ережелерді қабылдау бюджет процесінің ашықтығын арттыруға, мемлекеттік қаражатты пайдалануға қоғамдық бақылауды күшейтуге және ашық мемлекеттік басқаруды дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов былтыр Қазақстанның бюджет тапшылығы 10 жылда болмаған абсолюттік мәнге жеткенін айтқан болатын.
Сонымен қатар былтыр бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 371 млрд теңгені құрағанын жазғанбыз.