Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мәселесі: 73 лауазымды адам жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 371 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлім етті.

73 лауазымды адам жазаланды
Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

— 2024 жылы Ұлттық қордың қаражатын басқару тиімділігі бойынша оң өзгерістер байқалды. Мәселен, Ұлттық қордың активтері оның алдындағы жылмен салыстырғанда 16%-ға ұлғайып, 34,7 трлн теңгені құрады. Кепілдендірілген трансферт 2022 жылғы 4 трлн теңгеден 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендеді. 2024 жылы «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы бойынша 1 балаға есептелген сома 129 доллар 38 центті құрады. Екі жыл ішінде бағдарлама бойынша есептеу 232 доллар 94 цент болды, — деді Д. Темірбеков.

Оның айтуынша, 2024 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 371 млрд теңгені құрады.

— Әкімшілердің бюджет қаражатының тиімді және толық пайдаланылуына жауапкершілігін арттыру мақсатында 73 лауазымды адам жауапқа тартылды, оның 67-сі басшылық қызмет атқарушылар, — деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева 2024 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен активтер көлемі 2 есеге жуық өскенін айтты.

Соңғы жаңалықтар