Бюджет қаржысына сатып алынған бір сотық жер де жекеменшікке өтпейді – Ерболат Досаев
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мемлекеттік қажеттілік үшін жерді сатып алу тетігін түсіндірді.

— Жер учаскесін сатып алу үшін берілетін өтемақы сомасы халықтың барлық қажеттілігін қанағаттандыруға жеткіліксіз деп айтылып жатыр. Бағалаудың заңнамамен белгіленген нақты механизмдері бар, бірақ егер сот заңға сәйкес көбірек өтемақы тағайындаса, ол төленеді. Қажетті қаражатты табамыз, үнемдейміз. Ең бастысы, қала дамуы қажет. Қала әкімі ретінде менде шаһарды дамыту үшін жеткілікті мемлекеттік жер қоры жоқ, – деді Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуде.
Қала басшысы 2022 жылы тағайындалғаннан бері әкімдік жерді жол салу, әлеуметтік инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту мақсатында ғана сатып алып жатқанын және мұның бәрі заң аясында жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
– Бюджет қаражатына сатып алынған бір сотық жерді де Жер кодексіне сәйкес жекеменшікке бере алмаймыз. Бұл мәселені бірден нақтылап айтқым келеді, әкімдік жерді сатып алып, оны біреуге бере алады деген ой болмауы керек. Бұл Жер кодексі бойынша қатаң түрде тыйым салынған, бізде мұндай әрекетке баруға құқығымыз жоқ, – деді қала әкімі.
Осыған дейін қала тұрғыны Медеу ауданында құрылысы жоспарланған конгресс-орталықтың құрылысы қаншалықты заңды екенін сұраған еді.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде осы жер учаскесінде үлкен кеңсе ғимараты салынатыны туралы ақпарат пайда болды.
Ерболат Досаев конгресс-орталық үшін алынатын аумақта ешқандай коммерциялық нысан салынбайтынын жеткізді.