Бюджет кодексіне 4 жылда 42 рет өзгеріс енгізілді - С. Жалмағамбетова

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Светлана Жалмағамбетова осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, бюджет кодексі - бұл бюджетті жоспарлау мен атқарудың өзіндік конституциясы іспеттес. «Қолданыстағы бюджеттік кодекс 2008 жылы қабылданған болатын. Содан бергі 4,5 жыл ішінде оған 42 рет өзгеріс енгізілді. Бұл - нонсенс. Соның ішінде кейбірі уақытша ғана өзгерістер. Мәселен, былтыр ғана кодекске «шартты қаржыландыру» атты ұғым енгізіліп, министрлік мұның ауадай қажеттігін айтып қоймап еді. Ал сол шартты қаржыландырулар ағымдағы бюджетте неге жоқ?», - дейді сенатор.
Бұдан бөлек, депутат стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар бекітіліп жатқанын, алайда бюджеттік қаржыландырулар бюджеттік шектеулерге ұшырап жатқанын атап өтті. Мәселен, оның айтуынша, «Ақбұлақ» бағдарламасының алдындағы ауыз су бағдарламасы толық қаржыландырудың жоқтығы салдарынан тоқтатылған болатын. «Нәтижесінде жоспарланған елді мекендердің тек жартысы ғана таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Яғни, бағдарлама жартылай ғана орындалып отыр. Неге 100 пайыз қаржыландырылмады? Ал сол үшін ешкім де жауапкершілік алып жатқан жоқ. Неге?», - деді С. Жалмағамбетова.