Бюджет кірісінің төмендеуі жылдар бойы жалғасып келеді – Мәжіліс төрағасы

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыруда қиындықтар барын айтып, Үкіметке бірқатар міндет жүктеді.

бюджет
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

«Депутаттар бюджет жобасымен жұмыс барысында бірқатар жүйелік кемшілікті анықтады. Ол туралы бүгін айтылды. Ең алдымен, бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыруға қатысты. Қиындықтар бар екені анық. Атап айтқанда, экспорттық тауарлардың бағасы тұрақсызданып, әлемдік нарықтың өзгеруіне тәуелді болып отыр. Осыған байланысты бюджет кірістерінің төмендеуі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді», - деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылауды қорытындылай отырып. 

Сондай-ақ, Мәжіліс Мемлекет басшысының қосымша кіріс көздерін табу қажеттігі туралы тапсырмасын еске салды. 

Оның айтуынша, Үкімет тарапынан кірістерді қалпына келтіру және бюджетті ұзақ мерзімді тұрақтандыру бойынша пәрменді әрекеттер жоқ. 

«Бұл депутаттар арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр, бүгін Үкімет басшысы мен мүшелеріне біраз сұрақ қойылды. Халық табысын арттыруға және экономиканы өсіруге деген Үкіметтің талпынысы өз жемісін береді деп үміттенеміз. Өңдеуші өнеркәсіптің үдемелі өсуі жөніндегі болжамда жалаң цифрларды қуалай бермей, жаңа экономикалық саясатты белсенді іске асыру қажет, яғни нақты нәтиже керек. Жаңадан өндірістер ашу және оларды дамыту Үкімет жұмысының негізгі басымдығы болуға тиіс. Сонда ғана біз ел бюджеті кірістерінің айқын өсімін көреміз», - дейді ол. 

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы қабылданды. 

Соңғы жаңалықтар