Бюджет тапшылығын қысқарту жоспары қабылданбаған — Смайылов
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы бюджет түсімдері 335 млрд теңгеге орындалмады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
— Жалпы ішкі өнім бойынша болжамның 9 трлн теңгеге асыра орындалғанына қарамастан, бюджет түсімдері 335 млрд теңгеге орындалмады. Бұның бәрі жоспарлаудағы кемшіліктер мен салықтық түсімдерді шамадан тыс оптимизммен болжау салдарынан орын алып отыр. Кірістерді жоспарлау кезеңінде оларды болжау әдістемесінің сақталмайтынын бұдан бұрын атап өткен болатынбыз. Асыра көрсетілген параметрлер және әдістемеде көзделмеген қосымша түсімдер қарастырылған, — деді Әлихан Смайылов.
Оның пайымынша, болжамдарды шамадан тыс қалыптастыру алдағы кезеңдегі салық базасының кемуіне әкеледі.
— Біздің бағалауымызша, 2026 жылғы төлемдердің 154 млрд теңгесі 2025 жылы тартылды және шамамен 900 млрд теңгеге қосылған құн салығы қайтарылмаған. Алайда, бұл бюджеттің кірістерінің және шығыстарының теңгерімділігін қамтамасыз етпеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 244 млрд теңгеге жоспарланған қаржы бөлінбеді, сондай-ақ едәуір кредиторлық берешек қалыптасты. Бюджет тапшылық мәселесі әлі де маңызды. Оны қысқарту бойынша жоспарлар қабылданған. Дегемен, Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, олардың орта мерзімді перспективада іске асырылуы екіталай, — деді палата төрағасы.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланып жатыр.