Бюджет заңнамасын жетілдіруге бағытталған заң жобасы мақұлданды - Сенат

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталады және жаңа бюджет саясаты мен нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген. Бұл ретте жергілікті бюджеттерді қалыптастыру, бюджеттік жоспарлау, бюджеттік инвестициялар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігі қарастырылады. «Атап айтқанда, тұрақты сипаттағы трансферттердің жергілікті бюджет шығыстарының базасына берілуіне байланысты, жекелеген шараларды жергілікті бюджеттен қаржыландырудың ең төменгі көлемдерін енгізу ұсынылады. Бұл әкімдердің қаражаттарды басқа мақсаттарға пайдалануына және жекелеген әлеуметтік маңызы бар салалардың жергілікті бюджеттен толық қаржыландырылмауына жол бермейтін болады. Осы ретте жергілікті бюджеттен белгіленген ең төменгі көлемдерден аз қаражат бөлінген жағдайда әкімдердің тәртіптік жауапкершілігі, сонымен қатар толық қаржыландырылмаған соманы жоғары тұрған бюджетке міндетті түрде қайтаруы белгіленеді», - дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев. Министрдің айтуынша, заң жобасын қабылдау бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану кезіндегі қаржылық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік береді.
Заң жобасы екінші оқылымда қаралатын болады.