15:51, 20 Қаңтар 2015 | GMT +5
Бюджетке енгізілген түзетулер «Нұрлы жол» бағдарламасына әсер етпейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік дағдарысқа қатысты бюджетке енгізілген өзгерістер «Нұрлы жол» бағдарламасына әсерін тигізбейді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елімізді инфрақұрылымдық дамытудың «Нұрлы жол» атты бағдарламасын жариялаған болатын. Мұнда салынуы тиіс көптеген жаңа нысандар бар. Сондықтан, Үкімет қазір бюджет шығындарын азайту үшін осы бағдарлама құрамындағы қандай инвестициялық жобаларды ыңғайландыру керектігін қарастырып жатыр», - деді ол.
Оның айтуынша, қысқартулар «Нұрлы жол» бағдарламасына тікелей қатысты нысандарда болмайды. «Ал нақты қандай нысандар қысқартуға ұшырайтынын дәл қазір тап басып айта алмаймыз. Өйткені, олард анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді Т.Жақсылықов.