Бюджеттен бөлінген қаражатты атаулы жеріне тікелей жеткізіп аударуды ойластыратын кез жетті - О. Өксікбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджеттен бөлінген қаражатты атаулы жеріне тікелей жеткізіп аударуды ойластыратын кез жетті.

Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияның отырысында депутат Омархан Өксікбаев осы мәселені көтерді. Отырыста «Нұрлы жол» бағдарламасының Атырау облысындағы «Индустриялық мұнайхимия ұлттық технопаркі» арнайы экономикалық аймақ аумағындағы индустриялық жобалар бойынша бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді игерілу  мәселесі талқыланған болатын.

Талқылау барысында Омархан Өксікбаев «Индустриялық мұнайхимия ұлттық технопаркі» арнайы экономикалық аймағына бөлінген қаражаттың игерілу барысында алшақтықтарға назар аударды. Оның айтуынша, аталған жобаға екінші транш бойынша бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінгенімен 47,5 млрд теңгесі игерілгені айтылған. Алайда, тағы бір мәліметтерге қаражаттың тек 16 млрд теңгесі ғана игерілгені көрсетілген болатын. Депутат осы алшақтықты түсіндіруді сұрады. «Бұл рас сондай болып көрінуі мүмкін. Өйткені, біз халықаралық компаниялардың талабы бойынша аккредитив ашуға мәжбүр болдық. Сол үшін қазынадан бөлінген қаражаттың бір бөлігі осыған аударылды. Яғни, біз аккредитивке аударылған соманы мердігерлер игерді деп есептеуге де болады», - деп түсіндірді «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарушы директоры Нұрлан Рахметов.

Өз кезегінде депутат түсінбеушіліктер баршылық екенін айтып қалды.

«Бағдарлама әкімшілері жыл сайын игерілмеген қаражатын «Самұрық-Қазынаға», «Бәйтерекке» жөнелтетін әдет пайда болды. 132 млрд теңге былтыр осындай компаниялардың шотында жатып қалып, мақсатқа сай жұмсалмады. Енді мұнда да біз қаржыны игеру әлеуеті болмай тұрып, сіздерге бюджет қаражатын беріп отырмыз. Компаниялар ағымдағы шотта қолма-қол ақша ұстауды қазір сәнге айналдырды. Банктер осы сомаларға да дивиденттер төлеп жатқанын білеміз. Бұны доғару керек. Бізге ендігі күні бюджет қаражатын тікелей игеретін нысанға аударуды қолға алатын кез жеткен тәрізді. Әйтпесе жағдай қайталана береді. Неге біз бәрін «Самұрық-Қазына» арқылы беріп жатырмыз. Біз «Самұрық-Қазынаға» береміз, олар болса ол қаражатты айлап өздерінде ұстайды. Салдарынан қазына қаражаты айлап құр жатады немесе оның үстінен біреулер пайда табады. Шындығында біздің осындай компанияларда қаражат ағылып жатыр, миллиардтардан тіпті адамның басы айналады», - деді О. Өксікбаев. 

Соңғы жаңалықтар