Бюджеттен облыстарға бөлінетін субвенцияларға жаңа әдістеме әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Күзде Парламентте «Жалпы сипаттағы трансферттер туралы» заң жобасы қаралады.

Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлім етті.
— Күзде Мәжілісте алдағы үш жылдық «Жалпы сипаттағы трансферттер туралы» және «Республикалық бюджет туралы» заңдарды қараймыз. Бұл заңдар осы жылдың наурыз айында Президент қол қойған жаңа Бюджет кодексінің нормалары ескеріле отырып, дайындалады. Қазір Үкімет Жалпы сипаттағы трансферттерді, яғни, республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге жіберілетін субвенцияларды айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеп жатыр. Сондықтан, қазірден жаңа тәсілдер бюджетаралық қатынастарды шешуге, өзекті сұрақтарды анықтауға қаншалықты мүмкіндік беретінін түсінуіміз керек. Өйткені одан кейін Үкімет кемшіліктерді жою жөніндегі шараларды әзірлеп үлгеруі тиіс, — деді Д. Еспаева Парламент Мәжілісінде «Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау жөніндегі жаңа тәсілдер» тақырыбындағы Үкімет сағатында.
Осы орайда ол елімізде Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары донор деп танылғанын еске салды. Қалған он жеті өңір субвенциялық, олар өз шығыстарын өтеу үшін республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттердің едәуір көлемін алады.
Еске салсақ, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы жаңа Бюджет кодексіне қол қойды.