Бюджеттің дербес кірісі ауылды дамыту үшін жеткіліксіз – Ұлттық экономика вице-министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдың қорытындысы бойынша IV деңгейдегі бюджетке 320 млрд теңге түсіп, жоспар 103,8%-ға артығымен орындалды. Бірақ, бұл көрсеткіш ауылдарды дамыту үшін аздық етеді. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мәлім етті.
«Жергілікті өзін-өзі басқарудағы ең өзекті мәселе - ауыл бюджетінің кіріс көздерін кеңейту. Бүгінде бюджеттің IV деңгейдегі кірістер 8 түрлі салық түсімінен, түрлі төлемнен, айыппұлдардың және аудандық бюджеттен берілетін трансферттерден қалыптасады. Бюджеттің IV деңгейі енгізілген сәттен бастап түсімдер динамикасы 2 есе ұлғайды. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша IV деңгейдегі бюджетке 308 млрд теңге жоспарланса, іс жүзінде 320 млрд теңге түсті, осылайша жоспар 103,8%-ға артығымен орындалды. Оның ішінде өз табысы 53 млрд теңге жоспарланса, іс жүзінде 68 млрд теңге түсті. Өзін-өзі қамтамасыз ету үлесі 21,2%-ға жетті», - деді Бауыржан Омарбеков Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында.
Дегенмен вице-министрдің мәлімдеуінше, бұл көрсеткіштер ауылдарды дамыту үшін жеткіліксіз.
Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі ауыл бюджетінің өзін-өзі қамтамасыз етуін ұлғайтуды ұсынып отыр, ол үшін:
- мәслихатты бөлу бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығының үлесін бөлу;
- су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы;
- жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым;
- жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы.
«Сонымен қатар жаңа бюджет кодексінің жобасы шеңберінде пайдалы қазбаларды өндіру салығын бюджеттің IV деңгейіне беру жоспарланып отыр. Осылайша, IV деңгейдің меншікті кірістер 4 есе артуы күтіледі. Жалпы ауыл бюджетінің кіріс көздерін кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасады», - дейді министрдің орынбасары.
Бұған дейін сайланған ауыл әкімдерінің қызметіне, атап айтқанда сайлауалды бағдарламаларын орындау, халықпен есептік кездесулер өткізу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде қызметті жариялау бөлігінде мониторинг жүргізілетіні туралы хабарлаған едік.