Біз БҰҰ-мен тығыз жұмыс істейміз — Трамп
АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтонда Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, онда АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар маңызды мәлімдемелер жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі.
Трамп АҚШ-тың Бейбітшілік кеңесіне 10 миллиард доллар бөлетінін айтты. Егер бұл соманы соғыс шығынымен салыстырса өте аз — тек екі апталық шайқасқа жетеді.
— Маған Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының қажеті жоқ, мен адамдардың өмірін сақтап қалуды ойлаймын. Мен АҚШ-тан шалғай жатқан, әлемнің келесі түкпіріндегі адамдардың мерт болғанын қаламаймын. Егер менде соғыстарды тоқтату мүмкіндігі болса, соны пайдаланғым келеді. Мен адамдардың өмірін сақтап қалуды қалаймын және жүлдеге мұқтаж емеспін, — деді Дональд Трамп.
Әлем ХАМАС не айтатынын күтіп отыр және дәл қазір бейбітшілікке кедергі болып тұрған жалғыз әрекет — осы.
— Олардан экстремизмді уағыздайтындардың өзі шаршады. Бұл көп жылдан бері жалғасып келе жатыр. Олар бейбітшілікті қалайды, енді Иранның бізге қосылатын уақыты келді. Егер қосылса, өте керемет болар еді. Ал қосылмаса, бұл да жақсылық, бірақ мүлдем басқа жол. Олар бүкіл аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіре алмайды. Келісімге келуі керек, — деді АҚШ президенті.
Америкалық көшбасшы БҰҰ-мен тығыз жұмыс жасайтынын да мәлімдеді.
— БҰҰ-ның әлеуеті зор деп ойлаймын. Бейбітшілік кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымын қадағалап, оның дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізеді. Оған көмек керек, біз оған көмектесеміз, — деді Трамп.
АҚШ президенті Бейбітшілік кеңесінің рөлі белсенді болатынын атап өтті.
— Бүгінгі күні Бейбітшілік кеңесі елдерді біріктіріп ғана қоймай, өз міндеттемесін жариялап, нақты шешімдерді әзірлеп, жүзеге асыратынын дәлелдеп отыр. Бұл келіссөздер емес, керісінше үздіксіз іс-әрекеттер. Біз егеменді мемлекеттердің өз аймақтарындағы мәселелерді бірлесіп шешу үшін қалай ынтымақтаса алатынының үлгісін көрсетіп отырмыз, — дейді Дональд Трамп.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Газада қалыптасқан жағдайды қолданыстағы құрылымдар мен жалпы қабылданған тәсілдер аясында шешу мүмкін емес деп мәлімдеді.
— Біз БҰҰ-ға жүгіндік, осы топты құруға және мәселенің нақты шешімін табу үшін елдерді біріктіруге рұқсат алдық. Бұл әрбір мемлекеттің үлесін қажет етеді және қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамыз, — деді Рубио.
Мемлекеттік хатшы алға жылжудың жалғыз жолы - Газаны өзге елдермен қатарласа өмір сүре алатын және қақтығысқа, соғысқа, адамның қайғы-қасіреті мен жойылуына қайта оралу туралы ешқашан алаңдамайтын тұрақты бейбітшілік орнайтындай етіп қалпына келтіру екенін атап өтті.

Ақ үй баспасөз хатшысының айтуынша, Вашингтондағы кездесуге 20-дан астам елдің өкілдері қатысты. АҚШ астанасында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, құқық қорғау органдары Дональд Трамптың Бейбітшілік институтын қоршауға алды.

Бейбітшілік кеңесінің отырысы кезінде ғимарат алдында Палестинаны жақтаушы белсенділердің Газа секторын қолдау митингісі өтті.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы американдық саяси талдаушының назарын аударды.