Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапарын асыға күтеміз — Дмитрий Песков

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қараша айына жоспарланған Қазақстан Республикасы Президентінің Ресей Федерациясына бірінші мемлекеттік сапарына дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл туралы Алматыда өткен Қазақстан-Ресей медиафорумында РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлім етті.

Дмитрий Песков
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Біз қараша айына Ресей Федерациясына жоспарланған ҚР Президентінің мемлекеттік сапарына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дайындық әртүрлі бағытта жүргізіліп жатыр. Дипломаттар, парламенттер мен БАҚ бірлесе жұмыс атқарады, — деді Кремль өкілі.

Ол алдағы шараның маңыздылығы мен ауқымдылығына тоқталды.

— Жауапкершілік өте зор және біз сапарды асыға күтеміз. Жоғары деңгейлі байланыстар барысында пысықталатын құжаттардың қомақты пакеті дайындалып жатыр, — деп қосты Дмитрий Песков.

Айтуынша, қабылдаушы мемлекет сапардың жоғары деңгейде өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

— Біз сапардың сәтті болатынына сенімдіміз. Қабылдаушы ел ретінде біз барлығын барынша жоғары деңгейде жасауға дайындалып жатырмыз, — деді ол.

Медиафорум барысында Дмитрий Песков сондай-ақ Ресей мен Қазақстан екі тәуелсіз мемлекет болғанымен, тарихи мұрасы ортақ екенін және бірлесе даму әлеуетіне ие екенін айтты.

Айта кетейік, 28 қыркүйек күні Алматыда ІІ Қазақстан-Ресей медиафорумы өтті.

Соңғы жаңалықтар