Біз орман-тоғайы аз елдер қатарындамыз – Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Ел аумағында 2021 жылдан бері шамамен 970 млн түп көшет отырғызылған, бірақ, олардың жерсінуі есепке алынып жатқан жоқ. Бұл мәліметті Үкімет басшысы Олжас Бектенов келтірді.

«Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін биологиялық әркелкілікті сақтау экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс. Сондықтан оны ұдайы назарда ұстау қажет. Мемлекет басшысы 2 миллиард түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Біз онсыз да орман-тоғайы аз елдердің қатарындамыз», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-Министрдің айтуынша, жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігердң жұмсау керек.
«Алайда, бұл саладағы жоспарлардың орындалу қарқыны жылдан жылға бәсеңдеп барады. 2021-ші жылдан бері қарай елімізде шамамен 970 млн түп қана көшет отырғызылған. Оның өзінде олардың жерсініп кетуі есептеліп жатқан жоқ. Сонымен қатар тілсіз жау мен адамдардың өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан орман алқаптарының көлемі қысқарып барады», - дейді ол.