Мұрат Әбенов: Біздің жолымыз – әділдік жолы

АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Конституция жобасына енгізіліп жатқан бірқатар маңызды ұсыныстарға тоқталды.

Мұрат Әбенов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Мәжіліс депутаты 46-бап пен 62-баптың 2-тармағында ықпалды Парламент формуласына сәйкес Құрылтайға жүктелетін келелі саяси рөлдерді күшейту, сондай-ақ қоғам тарапынан жиі көтеріліп жүрген билік институттары арасындағы тепе-теңдікті сақтау бойынша нақты өзгерту жайлы айтты.

– Бұл тармақтар қоғам сұранысына толық жауап беретін болады. «Еститін мемлекет» қағидасының мәні де осында. Бұл біздің жұмысымыздың мәнін көрсетеді. Халықпен ашық диалог орнатып, әр пікірді тыңдап, әр ұсынысты ескерудеміз. Осы үдерістің ортасында біздің ұлттық идеямыз «Әділетті Қазақстанды» іске асыру тұр, – деді депутат.

Сонымен қатар Мұрат Әбенов әлемде әртүрлі ұлттық идеялар қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, «америкалық арман», еуропалық әл-ауқат үлгісі, азиялық экономикалық керемет секілді тұжырымдамалар бар.

– Біздің жолымыз – әділдік жолы. Біз осы ұстанымды Конституцияға жазып жатырмыз. Бұл философия Жаңа Конституцияның әрбір тармағына енген. Ол адам құқықтарын күшейтеді, отбасы мен дәстүрлі құндылықтарды қорғайды, мемлекеттің жауапкершілігін айқындайды. Осы бағыттардың барлығында Конституцияның қақ ортасында ең маңызды құндылық ретінде азаматтың құқықтары мен еріктері. Яғни біз «мемлекет адамнан жоғары» деген ескі логикадан бас тартып, «мемлекет – адам үшін» деген жаңа бағытты таңдаймыз, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін Қазіргі жаһандық өзгерістер дәуірінде, төртінші өнеркәсіптік революция, технологиялық серпіліс пен цифрландыру жағдайында мемлекеттік басқаруға жаңа талаптар қойылып отыр. Осыған байланысты қоғам дамуына серпін беретін заманауи Конституцияның маңызы айрықша. Онсыз орнықты даму мүмкін емес деген еді Мәжіліс депутаты.

Соңғы жаңалықтар