БЖЗҚ арқылы 46 млрд теңге жымқырды деген күдікпен 3 клиниканың иесіне іздеу салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың иелерін іздестіріп жатыр.

Вывод 46 млрд из ЕНПФ: АФМ объявило в розыск владельцев стоматологий
Фото: ҚМА

Агенттік күдіктілердің есімдерін де жариялады. Олар Аслан Қамбарұлы Дүйсенов — 01.04.1992 ж. т., Габбас Иманбаев — 18.05.1998 ж. т., Есімхан Баяндиевич Елешев — 11.09.1987 ж. т.

— Аталған азаматтар 46 млрд теңгеден астам қаражатты БЖЗҚ заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Бұл мақсатта олар тіс емдеу қызметі көрсетілгендей жалған медициналық құжаттарды рәсімдеген. Олар Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 7 стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Аталған мекемелер іс жүзінде ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген, — делінген ведомство хабарламасында.

ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, Дүйсенов А.Қ., Иманбаев Г., Елеушев Е.Б.-ке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылды.

— Айыпталушылардың бірі — Дүйсенов А.Қ. бұрын полиция қызметкері болған, алайда теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған. 2016 жылы ол Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу») және 362-бабы («Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану») бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне төмендегі нөмір бойынша хабарлауыңызды сұраймыз: +7 (7172) 70 84 78 — кезекші бөлім. Сыйақы мен анонимділікке кепілдік беріледі, — деп атап өтті агенттік.

Бұдан бұрын БЖЗҚ-дан заңсыз ақша шығарған тіс дәрігерлерінің мүлкі тәркіленіп жатқаны анықталды.

Таяуда «Отбасы банк» пен Денсаулық сақтау министрлігі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан азаматтардың жинағының бір бөлігін тіс емдеуге алуға шектеу қоюға шешім шығарған.

Соңғы жаңалықтар