C.Демирель: Президент Н.Назарбаев - Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығын дамытуда түркі әлемінің ақсақалы

Әңгіме барысында С.Демирель қазақстан-түрік қатынастарының қазіргі жай-күйіне зор қанағаттану сезімін білдірді, оның айтуынша, ол туысқандық пен стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді.
Ол екі туысқан елдің екіжақты ынтымақтастығын дамытуда, түркітілдес елдер араcындағы өзара қатынастарды нығайтуда және түркі әлеміндегі ықпалдастық үдерістерді дамытуда түркі әлемнің ақсақалы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың көрнекті рөлін атап өтті. С.Демирель Қазақстан көшбасшысының бастамасымен түркі әлемінің тарихында тұңғыш рет Парламенттік ассамблея, Түркітілдес мемлекеттер ақсақалдарының кеңесі, Түркі академиясы, сондай-ақ түркітілдес мемлекеттердің мемлекетаралық органы - Түркі кеңесі құрылғанын атап көрсетті.
«Қазақстан Президенті қазіргі тарихымыздың жарқын түлғаларының бірі, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі тұтасымен оның есімімен байланысты», - деді С.Демирель.
Өз кезегінде Ж.Түймебаев Мемлекетіміз басшысының ізгі тілектерін жеткізе отырып, Қазақстанның сыртқы саясаттағы бастамалары және негізгі шаралары, Қазақстан мен Түркияның екіжақты қатынастарының жай-күйі туралы хабардар етті, сондай-ақ С.Демирельді Қазақстанға келуге шақырды.
Шақыруды алғыспен қабылдай отырып, С.Демирель туысқан Қазақстанға тағы да баруды өзіне қуаныш санайтынын жеткізді. Экс-президент Астана экономикалық саммитінің жұмысын және Қазақстанның бастамаларын, соның ішінде әлемдік қоғамдастық қолдаған «G-Global», «Atom» жобаларын жоғары бағалады.
«Қазақстан Президент Н.Назарбаев арқылы Орталық Азия аймағында тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады», - деп атап көрсетті Түркияның экс-президенті.
Әңгіме соңында Ж.Түймебаев С.Демирельге елшілік түрік тілінде шығарған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың таңдамалы шығармаларының бестомдығын және «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: Әлемдік ауқымдағы көшбасшы - Еуразияның жарқын жұлдызы» кітабын тапсырды.
С.Демирель қазақстандықтарды алдағы Қазақстан елордасының күнімен құттықтады.