Call of Duty ойынынан Сеулдегі қайғылы оқиға түсірілген видео алынып тасталады
АСТАНА. KAZINFORM — Call of Duty видеойынын әзірлеуші Activision Publishing компаниясы Оңтүстік Кореяның Итэвон ауданындағы адам өліміне әкеп соққан кептеліс кезіндегі бейнежазбаны ойынға қосқаны үшін сынға ұшырап, кешірім сұрады. Бұл туралы Yonhap агенттігі жазды.
Компания даулы видеоны 12 қарашада шығатын ойыннан алып тастайтынын мәлімдеді.
Қысқа бейне Call of Duty: Modern Warfare 4 ойынының басында көрсетілген. Онда көшеде жатқан адамға фельдшердің көмек көрсетіп жатқаны бейнеленген. Әзірлеушілер бұл кадрларды Солтүстік Кореямен ойдан шығарылған әскери қақтығыстың салдарын көрсету үшін пайдаланған.
Activision компаниясы оқиғадан зардап шеккендерден, қаза тапқандардың туыстарынан және бұл бейнежазбаны көріп көңіліне қаяу түскен барлық адамнан кешірім сұрады.
Компания өкілдері ойынға қайғылы оқиғалар туралы жаңалықтардан алынған кадрларды қосуды немесе қаза тапқандардың рухына құрметсіздік танытуды мақсат етпегенін атап өтті.
Еске салайық, Итэвон ауданындағы қайғылы оқиға 2022 жылғы 29 қазанда Хэллоуин мерекесі кезінде болған. Сеул қаласының орталығындағы тар көшелердің бірінде адам кептелісі туындап, салдарынан 158 адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында Оңтүстік Кореядағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алған Қазақстан азаматы, Ақтөбе облысының тумасы да болды. Қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқандардың туыстары оның мән-жайын тергеуді және жауапты адамдарды заң алдында жауапқа тартуды талап етті.