13:24, 17 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Cамұрық-Қазына» Қоры мен Ресейдің «Сбербанк» басшылығы әлемдік дағдарыстан шығу жолдарын талқылады
АСТАНА. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат - Астанада «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының (ҰӘҚ) Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов Ресейдің «Сбербанк» басшысы Герман Грефпен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында тараптар дағдарысқа қарсы қабылданған іс-шаралардың екі елде қалайша жүзеге асып жатқаны жөнінде ой бөлісті. Қ.Келімбетов Г.Грефке Қазақстанның Үкіметі, Ұлттық банкі және қаржы Ұйымдарын қадағалау агенттігі бірігіп қабылдаған дағдарысқа қарсы Іс-қимылдар жоспары жөнінен хабар берді. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры осы шараларды жүзеге асырумен айналысатын оператор екендігі белгілі. Қазақстан бұрынғы кеңестік жүйе елдері арасында экономика мен қаржы секторын тұрақтандыру үшін мемлекеттік қолдау көрсетуге шешім қабылдаған тұңғыш мемлекеттердің бірі болса, Ресей Үкіметі де бүгінгі күні осы тақылеттес шаралар қабылдауда. Келіссөздер кезінде екі жақ әлемдік экономикадағы жағымсыз жайттардың алдын алу үшін бірігіп әрекет етуге, өзара ақпараттар алмасып тұруға уағдаласты. Қазақстанда «Сбербанктің» еншілес компаниясы жұмыс істейді.