Целиноград ауданында сымсыз телефон байланысы жүйесі іске қосылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық телекоммуникация дирекциясының бастығы Асқар Нұрымжановтың айтуынша, аймақта айтулы технологиялық жүйенің 11 базалық стансысы орнатылып, сегіз ауданның 153 елді мекені телефон байланысымен толықтай қамтамасыз етілген. Соған сәйкес стансының мүмкіндігі 8212 номер болса, қазір 7 мыңы қолданысқа қосылып отыр. Конституция күні қарсаңында қоғам ауданның Өтеміс ауылында CDMA-450 қондырғысын орнатып, таяу орналасқан 8 ауылда, барлығы 633 үй телефон байланысына қосылды. Жыл соңына дейін облыс аумағында әлі де 12 стансы пайдалануға беріліп, 172 елді мекен сымсыз телефон байланысымен қамтылмақ. Нәтижесінде «30 корпоративтік көшбасшы» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы бұл іс-шара шалғай ауылдардың телефон байланысына деген сұранысын қанағаттандырып, әлемдік ғаламтор қызметін пайдалануына мүмкіндік жасайтын болады.