«ЦентрКредит» банкінің басқарма құрамы өзгерді
Қазақстан қор биржасы сайтында хабарланғандай, «2017 жылдың 28 сәуірінде «ЦентрКредит банкі» АҚ басқарма мүшелері Yang Jinhwan, Han Jong Hwan, Won Sung Je өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды». Басқарушы директорлар, басқарма мүшелері лауазымдарына Ержан Алшымбекұлы Төлеубеков, Ғалым Әбілжанұлы Хұсайынов тағайындалды.
Сәуір айының соңында «ЦентрКредит банкі» АҚ-ның 41,93% акциясына иелік ететін кореялық Kookmin Bank-тің өз үлесін Бақытбек Байсейітовке, «Цеснабанк» АҚ және «Цесна» Қаржы xолдингі» АҚ компанияларына толық көлемде сатқаны хабарланды. Алғаш рет корейлік банк 2008 жылы қазақстандық банктің 23% үлесін сатып алған, 2010 жылы Kookmin өз үлесін 42% дейін жеткізді. Бұл ретте 30% - қарапайым, 10% - артықшылығы бар акциялар. Кореялық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл үлес 939,2 млрд вонға сатып алынған.
2013 жылдың мамыр айында БЦК басқарма төрағасы Владислав Ли БАҚ өкілдеріне оңтүстіккорейлік Kookmin Bank Co Ltd «Банк ЦентрКредит» АҚ акцияларының бақылау пакетін алу мәселесі 2017 жылға қарай шешілетінін айтты. БЦК-ның тағы бір акционері -International finance corporation өзіне тиесілі банктің 10-пайыздық үлесін Бақытбек Рымбекұлы Байсейітовке сатты. Мәміле 15 наурызда жасалды. Өзгерістер нәтижесінде Бақытбек Рымбекұлы Байсейітовтің үлесі дауыс беретін акциялардың жалпы санының 44,5% құрады.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының «Цеснабанк» акционерлік қоғамына «ЦентрКредит банкі» акционерлік қоғамының жарғылық капиталына қомақты қатысуына рұқсат бергені туралы хабарланған еді.