«Цесна банк» бизнесті басқаруға арналған SAP ERP бағдарламасын енгізді
Аталған бағдарлама еңбекақыны есептеуді, материалдық ағындар мен негізгі қаржыларды, бюджет пен қызметкерлерді басқаруды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Естеріңізге сала кетейік, Цеснабанк өткен жылы шілденің 15-де аталған бағдарламаны енгізуді бастағанын жария еткен болатын. Бағдарламаны банкке ендіру бойынша интегратор ретінде «Telecon» ЖШС таңдалып алынған. 1 жылға жуық жұмыстың нәтижесінде банкке бизнес шешім сәтті енгізілген. «Банктегі бұған дейінгі жүйе ескірді. Сараптама, қаржылық бақылау, бюджетті жоспарлау, салықты әкімшіліктендіру және кадрлық бақылауды оңтайландыруға арналған шешім қажет болды. Нәтижесінде SAP компаниясының шешімдері таңдалып алынды», дейді Цеснабанктің қаржылық директоры Бейбіт Әлмусин.
Аталмыш қаржы құрылымы банк еліміздегі SAP бизнесті басқару шешімдерін енгізген 7-ші банк болып отыр. Бұған дейін аталған бағдарламаны Халық банкі, «Астана финанс» АҚ, Қазком, Альянс сынды бірқатар банктер енгізген болатын. SAP Қазақстан компаниясының тұтынушылармен жұмыс бөлімінің менеджері Толқын Майусованың айтуынша Қазақстандағы мұнайгаз саласындағы ең ірі бес, сондай-ақ бес ең ірі ұлттық компания мен 100-ден астам компаниялар өз қызметтеріне SAP шешімдерін енгізген.