CGTN: Қазақстанмен ЖИ және жаңа медиа бағытында серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Тату көрші және достық: болашаққа қадам Қытай-Орталық Азия гуманитарлық алмасу» атты форум аясында Қытайдың жаһандық телевидение желісінің (CGTN) продюсері Се Минь Kazinform тілшісіне берген сұхбатында соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанның жетекші медиа құрылымдары арасындағы ынтымақтастық айтарлықтай жандана түскенін атап өтті.

CGTN: Қазақстанмен ЖИ мен жаңа медиа бағытында серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол
Фото: Дана Нұрбақыт/Kazinform

Оның айтуынша, болашақта жасанды интеллект пен жаңа медиа салаларындағы серіктестікті кеңейтуге мол мүмкіндік бар.

Продюсер қазіргі таңда CGTN Қазақстанның Silk Way телеарнасы сияқты жетекші медиа ұйымдарымен тұрақты серіктестік орнатып отырғанын жеткізді. Ынтымақтастық аясында жаңалықтар алмасу, бірлескен деректі фильмдер мен арнайы жобалар түсіру, сондай-ақ тілшілер арасындағы тәжірибе алмасу сынды бағыттар қамтылған.

Ол биылғы жоғары деңгейдегі саммит қарсаңында іске қосылған «Орталық Азия арқылы үлкен саяхат» атты арнайы жобаның екі ел арасындағы табысты медиа ынтымақтастықтың жарқын мысалы екенін атап өтті.

— Біз объектив арқылы Қытай мен Қазақстан арасындағы шынайы әрі мазмұнды қарым-қатынасты көрсеткіміз келеді. Бұл арқылы халықтар бір-бірін тереңірек танып, жақындай түседі деп сенеміз, — деді ол.

Болашаққа көз жүгірте отырып, продюсер бұрыннан қалыптасқан бірлескен жобаларды жалғастыра отырып, заманауи технологиялар мен жаңа контент түрлерін дамыту бағытында жаңа мүмкіндіктерді зерттеудің маңызды екенін атап өтті.

— Жасанды интеллектті қолдану, жаңа платформаларды дамыту және бағдарламаларды әртүрлі форматта ұсыну — болашақтағы негізгі басым бағыттардың бірі болады, — деді CGTN өкілі.

Бұған дейін Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларын құттықтау хатын оқып берген еді.

Соңғы жаңалықтар