Ч.Осакве: Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі елде ауқымды реформаларды жүзеге асыруға жол ашады
«Бүгін - Қазақстан үшін барынша маңызды күн. Сіздердің Президенттеріңіз үшін де айрықша сәт десек болады. Қазақстанның ДСҰ-ға қабылдану барысында барынша байыпты шешімдер қабылданды. Бұл сіздердің елдеріңіздің ауқымды реформалар жасауына жол ашады әрі экономикаларыңызды жақсарта түседі», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Қазақстанның аталған ұйымға кіруі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан өте жоғары деңгейдегі жұмыстар атқарылды.
«Сіздердің елдеріңіз, Президенттеріңіз келіссөздер барысында жоғары деңгейдегі көрегендігін көрсетіп, барынша икемді саясат ұстана білді. 1995 және 2015 жылдары аралығында ДСҰ-ға 33 ел қабылданды. Ал Қазақстан осынау 20 жылдық кезеңдегі 34-ші ел болмақ», - деді Ч.Осакве.
Сонымен қатар ол ұйымға кіру қиын екендігін, өйткені, елде көптеген реформалар жүргізіліп, заңдардың өзгеріске түсуі, тарифтердің қысқартылуы, ішкі елдік стандарттар халықаралық деңгеймен теңестірілуі қажеттігін баса айтты.
«ДСҰ-ға кіретін әрбір ел жаһандық экономикаға қосылатын болады», - деп түйіндеді сөзін департамент басшысы.
Айта кетейік, бүгін Женевада Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне орай ресми шара өтеді. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.