«Чалык Холдинг» компаниясы Қазақстан экономикасына инвестиция салудың мүмкіндіктерін зерттеуде

Кәсіпкер Астанаға экономиканың шикізат емес секторындағы нақты жобалармен танысу мақсатында келіп отыр. Инвестор, атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, энергетика және химия саласындағы жобалармен танысуға мүдделілік білдірді. Оның үстіне, бұл бағыттар алдағы бес жылда индустриялық саладағы басымдықтар болады, деп хабарлады Индустрия және сауда министрлігінің баспасөз қызметінен.
Әсет Исекшев, шикізаттық емес секторға инвестиция салып отырған шетелдік компанияларға Қазақстан Үкіметінің қомақты жеңілдіктер беретінін айтты.
«Оған қоса, егер сіздер біздің республикамызда өндіріс ашатын болсаңыздар, құрылып жатқан Кеден одағының аясында» сіздердің алдарыңыздан Ресей мен Беларусь еліне тауарлар жеткізудің мол мүмкіндіктері ашылғалы отыр. Ал бұл 170 миллиондық нарық»,- деді министр.
«Ресеймен шекарада, мысалы Батыс Қазақстан облысында сіздермен бірлесе отырып еркін экономикалық аумақ құра аламыз. Ол жерлерде тоқыма және машина жасау өндірістерін ашуға болады. Оның үстіне, бізде газ бен электр қуаты, Түркиядағыдан, 4-5 есе арзандау. Оған қоса, Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аумағы бар. Ол тоқыма өнеркәсібін дамытуға жақсы жер және біз түрік инвестицияларының келгеніне тек қуанатын боламыз», - деді Әсет Исекшев.
Тараптар, холдинг ұсынылып отырған бірқатар инвестициялық жобалармен егжей-тегжей танысып болған соң, Индустрия және сауда министрлігінде тағы бір бас қосуға келісті.