«Чампи» тайфуны Жапонияға жақындаса рекордтық жауын жаумақ

АСТАНА. KAZINFORM – Жапония метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, «Чампи» тайфуны дүйсенбі күні елдің оңтүстік-батысындағы Кюсю өңіріне жақындауы мүмкін. Кейін ол тропиктен тыс циклонға айналып, Сикоку аралының батыс жағалауындағы сулы аймаққа қарай жылжиды, деп хабарлайды JIJI Press агенттігі.

«Чампи» тайфуны Жапонияға жақындаса рекордтық жауын жаумақ
Фото: x.com/CurtisSChin сайтынан алынған скриншот

Метеорологиялық агенттік Жапонияның шығысы мен батысына созылып жатқан атмосфералық фронтқа байланысты нөсер жауын қаупі бар екенін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Биылғы 30-шы тайфун сенбі күні түстен кейін Окинава префектурасындағы Сакисима аралдарының солтүстігіндегі теңіз үстімен жылжып бара жатқан.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00-дегі мәліметке сәйкес, тайфун Жапонияның батыстағы ең шеткі қоныстанған аралы Йонагуниден солтүстікке қарай шамамен 250 шақырым қашықтықта болған. Ол солтүстік-солтүстік-шығыс бағытта сағатына 20 шақырым жылдамдықпен қозғалған. Орталықтағы атмосфералық қысым 985 гектопаскальды құрап, желдің ең жоғары жылдамдығы секундына 30 метрге жеткен.

Окинава префектурасындағы Ириомоте аралында сенбі күні сағат 13:40-қа дейінгі 48 сағатта 567 миллиметр жауын-шашын түсіп, жергілікті рекорд жаңарды. Ал Миэ префектурасындағы Овасе қаласында сағат 17:00-дегі жағдай бойынша 24 сағатта 329 миллиметр жауын-шашын тіркелген.

Бұған дейін «Дуцзюань» тайфуны Жапонияның шығысында рекордтық жауын-шашын әкелгеннен кейін қыркүйек айында Тиба префектурасындағы 10 мыңнан астам үй электр жарығынсыз қалғанын хабарлағанбыз.