ChatGPT көмекшіме айналды – Ықылас Оразбайұлы

Әлемнің назарын аударған OpenAI компаниясының ChatGPT чат-боты бұл күнде үлкен жетістіктерді бағындырып үлгерді. Әсіресе GPT-4 жаңалығы «көреді, естиді және сөйлей алады» немесе айтылған сөздерді түсініп, синтетикалық дауыспен жауап беріп, суреттерді өңдей алады. Біз ChatGPT чат-ботының мүмкіндіктерін қаншалықты пайдаланып жүрміз? Оның бізге нақты қандай пайдасы бар және қоғамға қандай кері әсері болуы мүмкін? Осы сұрақтар төңірегінде Малайзия елінде тұрып жатқан қандасымыз, ІТ саласының маманы Ықылас Оразбайұлынан Kazinform тілшісі сұрап білді.  

ІТ маманымен сұхбат
Фото: Ықылас Оразбайұылының жеке мұрағатынан

– Әңгімеңіздің әлқиссасын ChatGPT туралы қысқаша анықтамадан бастасаңыз...

– ChatGPT – бұл соңғы үлгідегі кемелді жасанды сана деп айтуға болады. Онымен сөйлесуге, сұхбаттасуға, кез келген сұрақ төңірегінде көмек сұрауға болады. Ол көптеген тапсырманы орындай алады. Берген тапсырмаңызға орай мақала, эссе, әңгіме жазады. Жауаптарын өзгерте алады – егер бот қате жауап берсе, сіз оған бұл туралы айта аласыз. Кез келген салада толымды жауап беруге тырсады. Сурет салады, науқасқа диагноз қою және басқа толып жатқан мүмкіндіктері бар. 

сұхбат
Фото: Ықылас Оразбайұылының жеке мұрағатынан

– Сіз нақты қандай мүмкіндіктерін пайдаланып жүрсіз?

– ChatGPT алғашқы нұсқасы жарияланғаннан бастап оған назарым ауды. 4-5 айдан бері қолданып келемін. Әсіресе GPT-4 нұсқасы жарияланғаннан кейін тіпті көп пайдаланатын болдым. Автоматты аудару жүйесінің өзі Google аудармашыдан жақсы аударады. Мен сурет сызу, мақала жаздыру, кітаптарды, мақалаларды мазмұндау секілді мүмкіндіктерін көп пайдаланамын. 1 минутқа жетпейтін уақытта адамның көңілі толатын көркем фотоны дайындап береді. Мен оған қазақи фотолар да сыздырып көрдім. 

– ChatGPT чат-ботының қандай кемшілігін байқадыңыз?

– Қазақша айтқан сөзді түсінуі мен жауап беруінде қиындықтар кездеседі. Бұл жағын алдағы уақытта жақсартады деп ойлаймын. Өйткені ChatGPT айфон секілді жаңаланып отырады, кемелденіп отырады. Келешекте ол экран арқылы тікелей жүздесіп, сізбен сұхбаттасатын деңгейге жетуі мүмкін. Сіздің көңіл-күйіңізді де эмоцияңыз арқылы сезіп, біліп отыратын болады. 

ІТ маманы
Фото: Ықылас Оразбайұылының жеке мұрағатынан

– Жалпы жасанды сананың қоғамға қандай кері ықпалы болуы мүмкін?

– Жасанды сана қоғамның әр саласына толық мүмкіндігі мен ықпал еткенде, үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Көптеген маман жұмыссыз қалуы мүмкін. Кез келген сала, дәрігер, оқытушы, тіпті музыканттар да назардан тыс қалмайды. ChatGPT-дың контент жазу, архитектура, дизайын, тіпті компанияның бас директорын орнын ауыстыруға дейін мүмкіндігі бар. Болашақта нейрондық желілер адамның зияткерлік жұмысының көп бөлігін жасай алады деген алаңдаушылық бар. ChatGPT барлық тілде сөйлеп тұрса, сенің ой-деңгейіңнен жоғары мақала жазып берсе, онда тіл үйренудің қаншалық қажеті қалады, жалпы оқу-ағарту саласына, тіпті адамның өмір сүру дағдысына үлкен төңкеріс әкелуі мүмкін. Сондықтан да кейбір мемлекеттер бұл жасанды санаға қарсы тұрып жатыр.

ІТ маманы
Фото: Ықылас Оразбайұылының жеке мұрағатынан

– Сіздің ойыңыз қалай? Қазақ қоғамы жасанды санадан бас тартқаны дұрыс па?

– «Қар кетпейін дегенмен күн қоймайды» демекші, жасанды сана өмірімізге жақсылықтарымен қоса, бір алуан проблемаларын да ала келеді. Бірақ енді оның дамуын адамзат тоса алмайды. Қазақ түгілі күллі адамзат бас тарта алатын деңгейден кетті. Тек ендігісі, осы озық құралды пайдаланып өмір сүруді қалай жеңілдетеміз дегенді ойлау керек. Меніңше, бұл кәсіби мамандар мен технологтар жетіспейтін қазақ даласы үшін аса қажетті техника. Мысалы: Ауғанстанда түрлі қақтығыстар себебінен жылына 7-8 мың адам өлсе, ал бейбіт Қазақстанда жол апатынан жылына 15 мың адам көз жұматын көрінеді. Бұл дегеніңіз сұмдық көрсеткіш. Егер бүкіл көлік автопилотқа өзгерсе, жол апатының болу салыстырмасы күрт төмендесе қаншама отбасы ай мен күннің аманында мезгілсіз қара жамылмас па еді деген ішкі арман бар. 

Қазақтың байтақ даласына толық роботтанған зерделі шаруашылық техникалары керек. Олар 24 сағат бойы тынымсыз істей алады. Сонда осы ұлан-байтақ територияны толық пайдалануымызға күш-қуатымыз жетер ме еді?! Бірақ бізден бұрын басқалар қимылдап кетпесе... 

– Әңгімеңізге рахмет!

сұхбат
Фото: Ықылас Оразбайұылының жеке мұрағатынан
сұхбат
Фото: Ықылас Оразбайұылының жеке мұрағатынан
сұхбат
Фото: Ықылас Оразбайұылының жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтар