Чех армиясы жаңа сарбаздарды қабылдау бойынша рекорд орнатып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы Чехия армиясы 2250 сарбаз қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш ел тарихындағы ең жоғары деңгейлердің бірі болмақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Чех армиясы жаңа сарбаздарды қабылдау бойынша рекорд орнатып отыр
Фото: Oxu.az

Рекордтық әскерге шақыру 2006 жылы тіркелген еді,  ол кезде 2262 адам әскери қызметке жазылған. Алайда биыл бұл көрсеткіш одан да асып түсуі мүмкін, деп жазады жергілікті БАҚ.

Биылғы мақсат — 2100 жаңа сарбаз қабылдау болған, бірақ жылдың соңына дейін олардың саны 2300-ден асуы ықтимал.

— Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік хатшысы Петр Ванчура 2026 жылға арналған қабылдау жоспарын бекітті. Бұл жоспарға сәйкес, армия 2250 жаңа сарбаз қабылдайды, — деді министрліктің баспасөз қызметінің өкілі Магдалена Хинчикова.

Биылғы 2100 сарбаз қабылдау жоспары тамыз айының соңында орындалды, деп мәлімдеді армияның кадр агенттігінің директоры Владимир Студёны.
Жыл соңына дейін негізгі оқу курсына тағы 200 орын қалды.

— Бұл орындарды еш қиындықсыз толтырамыз, — деді кадр агенттігінің өкілі Ива Беднаржова.

Жыл басында Чехия армиясының қатарында 28 285 әскери қызметкер болған, оған әскери полиция, әскери барлау қызметкерлері және Брнодегі Қорғаныс университетінің студенттері кіреді.

Жаңа сарбаздарды қабылдау жоспары екі негізгі критерийге сүйене отырып айқындалады. Хинчикованың айтуынша, ол келесі жылдың бюджет жобасына және ағымдағы жылы қызметін аяқтайтын сарбаздардың санына байланысты есептеледі.

2025 жылы шақырылғандар мен қызметін аяқтаған немесе аяқтайтын сарбаздар арасындағы айырмашылық 650 адамға оң нәтиже бермек.

Беднаржованың айтуынша, бұл соңғы бес жылдағы ең үздік нәтиже болады.

Сондай-ақ Чехия 2030 жылға дейін ЖІӨ-нің 3%-ын қорғанысқа бөлуді жоспарлап отыр

Соңғы жаңалықтар