Чехия азаматшасын тонағандар ұсталды - Астана ІІД

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Елорда полициясының қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай Чехия Республикасының азаматшасын тонауға қатысқан үш адамды ұстады,

Чехия азаматшасын тонағандар ұсталды - Астана ІІД

деп хабарлады Астана қаласының ІІД баспасөз қызметінен.

Астана қаласының ІІД «Сарыарқа» ауданы ІІБ тәртіп сақшыларының ақпараты бойынша, шамамен 17.00 кезінде Чехия азаматшасы ақша айырбастау пункттерінің бірінде ірі көлемдегі ақшасын айырбастап, «Шкода» маркалы көлігіне отырған. Ол орнынан қозғалып үлгергенше, машина салонына бетінде маскасы бар ер адам кіріп үлгерген. Әйелдің ақша толы сөмкесі мен жеке заттарын тартып алған әлгі ізін жасырған.

Шұғыл түрде оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері ұрлықшылардың үшеу екендігін анықтады. Жедел іздеу шараларының барысында тәртіп сақшылары қылмыскерлердің ізіне түсіп, оларды ұстады. Заттай айғақтар тәркіленді.

Тергеу барысында ұсталғандардың кім екендігі анықталды. Жұмыс істемейтін,20 және 22 жас аралығындағы қарақшылардың басқа облыстарда тұратындығы және мұнда уақытша келгені белгілі болды.
Құрықталғандардың сөзіне қарағанда, ұрлық жасауға қолайлы сәтті күткен. Ақша айрбастау пунктінде ақша ауыстырған әйелді көрген олар оны тонамақ болған. Салоннан сөмкені алып шыққан соң оқиға орнынан іздерін жасырып, кейіннен ақшаны 350000 теңгеден бөліп алған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 178-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Ұсталғандар Астана қаласының ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.