Чехия павильоны көз тартады

Ресми жиын кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев ЭКСПО-2017 көрмесі технологиялық жаңғыруға және халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына жаңа серпін беретінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, көптеген елдердің экономикасы мен ғылыми бағыттағы жаңа салалардың дамуына да үлес қосатынын ескерді. Сенат Төрағасы халықаралық қатысушылар мен шетелдік қонақтарға көрме аяқталған соң, ЭКСПО нысандарында жұмыс істейтін жаңа құрылымдар туралы айтып берді.
- ЭКСПО аяқталғаннан кейін, көрме аумағында бірнеше халықаралық институттар пайда болады. Мысалы, «Астана Халықаралық қаржы орталығы», «Жаңа технологиялар паркі», «БҰҰ аясындағы жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту орталығы» осында жұмыс істейтін болады. Қазақстан осы ғасырдың ортасына қарай әлемнің дамыған 30 мемлекетінің деңгейіне жетуді көздеп отыр, - деді Қ.Тоқаев.
Өз сөзінде Милан Штех ЭКСПО көрмесіне қатысу Чехия Республикасы үшін маңызды екенін айтты.
- Көрмеге қатысудың бірнеше себептері бар. Біріншісі - көпжылдық достық қарым-қатынас. Қазақстан мен Чехия Орталық Азияда әріптес мемлекеттер. Екіншісі, өнеркәсіптік энергетика мен ақылды энергия болып табылатын мамандандырылған көрме тақырыбы. Біз ең үздік энергия дегеніміз, ешқашан сарқылмайтын энергия деп білеміз. Сондықтан Чехия Республикасының ғалымдары мен зерттеушілері экологияның неғұрлым таза болуына барлық жағдай жасап жатыр. Сол жетістіктердің бірнешеуін Чехия павильонында көруге болады, - деді Милан Штех.
Мерекелік жиынның ресми бөлігі аяқталған соң, келушілер Чехия мен Қазақстан павильондарын тамашалап қайтты. Ал Ұлттық күн сахнасында Прага консерваториясынан келген акробаттар мен мың бұралған бишілер ЭКСПО қонақтары үшін өнер көрсетті.
Атап өтейік, Чехия мемлекетінде жаңартылатын энергия көзін пайдалану көрсеткіші13 %-ды құрайды. Ал ЭКСПО-дағы Чехия павильонның жалпы аумағы 292,5 шаршы метр. Онда жаңа технологиялар мен энергия көздерін дамыту саласындағы бірқатар жұмыстар көрсетілген. Павильонда қалдықтарды өңдеуге арналған жаңа технология үлгісі таныстырылуда.
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Чеxия павильонында ұшатын велосипедті көруге болады. Жоба авторларының айтуынша, аталған бастамаға жазушы Жюль Вернның қиялындағы велосипед түрткі болған.
Flying Bike-ты құрастыруға бір жыл кетті. Оның ұзындығы - 3,8 метр, ені - 2,5 метр, ал биіктігі - 1,2 метр. Алты пропеллердің арқасында велосипедті көкке көтеруге мүмкіндік бар. Аппараттың жалпы салмағы - 95 келі. Ол 170 келі болатын жүкті көтеруге қауқарлы. Демек, өз салмағын алып тастаса, 80 келіге дейін салмақты адамды көкке ұшыруға болады. Ведосипедте алты қозғалтқыш бар. Төртеуінің қуаттылығы 10 киловатт болса, тағы екеуі 7 киловатт қуатқа ие.
«Велосипедті тоқпен зарядтауға болады. Сондай-ақ, педальды айналдырып, аккумуляторға энергия жинауға мүмкіндік бар», - дейді чеx павильонында жұмыс істейтін гид.
Аккумулятордың сыйымдылығы - 50 ампер/сағат. Велосипед сағатына 50 шақырыммен ұша алады. Алайда, велосипедтің қазіргі нұсқасы тек 3-5 минут қана ұшуға жарайды.