Чехия президенті Петр Павел мотоцикл апатынан жарақат алды

АСТАНА. KAZINFORM — «Петр Павелдің жарақаты аса ауыр емес, бірақ оған аздаған тексеру қажет болды» делінген президент кеңсесінің мәлімдемесінде. Бірақ ведомство оқиға туралы өзге мәлімет бермеді, деп жазады ВВС. 

петр павел
Фото: Петр Павел/Facebook

Чехия полициясы бұл оқиғаға қатысты тергеу жүргізбейтінін айтты, өйткені апат жолда емес, жабық жарыс жолында болған.

Президенттің ресми өкілі Чехия теледидарына Павел бірнеше күн ауруханада болатынын айтты.

Келесі аптада Чех көшбасшысы Иорданияға сапармен баруы керек еді, бірақ бұл сапардың болатын-болмайтыны әлі белгісіз.

62 жастағы президент әуесқой мотоциклші ретінде де танымал. Оның BMW R1200 GS спорттық мотоциклі бар. 

Бұл — Чехия президентінің хоббиінен болған алғашқы келеңсіз жағдай емес. 

Өткен жылы ол қорғаныс дулығасынсыз мотоцикл жүргізгені үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды.

НАТО-ның бұрынғы генералы Павел өткен наурызда Чехия президенті болып сайланған.

Инаугурациядан бірнеше аптадан кейін ол мотоциклмен көрші Германияның Бавариясына барған.