20:45, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі қысқа мерзімдік танысу сапарымен Өскеменге келді
ӨСКЕМЕН. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Әділғазы Бергенов Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бедржих Копецкимен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шығыс Қазақстанға алғаш рет келіп отырған Чехия елшісінің мақсаты, тек экономика саласында ғана емес, сонымен қатар, гуманитарлық сала бойынша да тығыз ынтымақтастық орнату. Аймақ басшысымен кездесу кезінде, Копецки мырза Чехияның Қазақстанмен, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысымен де өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ықылас танытып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, елші мырза «Азия Авто» қазақстандық автомашина құрастыру зауытымен арадағы атқарылып отырған жұмысты жоғары бағалады.Облыс әкімі де өз кезегінде Чехия Республикасының өкіліне Чехия инвестициясы мен еуропалық жоғары технологияны тартуға Қазақстанның мүдделі екендігін айтты. Тараптар, салалық ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, ағаш, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тау-кен қондырғыларын бірлесе жасаудың екі жаққа да тиімділігі төңірегінде ой бөлісті.