Чехия тұрғындарды ескерту жүйесін жаңартады
АСТАНА. KAZINFORM — Чехияда тұрғындарды төтенше жағдайлар кезінде жедел ескертуге арналған жаңа жүйе енгізіледі, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Бұл жүйе Cell Broadcast деп аталады. Ол заманауи технологияларға негізделген.
Чехия үкіметі қарастырып жатқан бұл жобаға шамамен 4 миллион еуро жұмсалады. Сонымен қатар, ұялы байланыс операторлары бұл жүйеге ҚҚС-ты қоса есептегенде 5,4 миллион еуро көлемінде қаржы салуға міндеттеледі. Жүйені жыл сайынғы пайдалану шығындары шамамен 2 миллион еуроны құрайды, деп мәлімдеді ČTK — Чехияның ұлттық ақпарат агенттігі.
Үкімет бұл жүйені енгізу қажеттігін 2023 жылғы 21 желтоқсанда Прагадағы Карл университетінде болған қайғылы жағдайдан кейін көтерді. Атыс кезінде философия факультетінің 14 студенті мен оқытушысы қаза тапты. Ал қылмыскер — университеттің студенті кейін өзін-өзі атып өлтірді. Бұл оқиға Чехия тарихындағы ең ірі қанды қырғын ретінде тіркелді.
Сондай-ақ, Чехиядағы өткен жылғы су тасқындары кезінде орын алған жағдайлар да ескі жүйенің кемшіліктерін айқын көрсетті. Атап айтқанда, ескерту хабарламалары азаматтарға бірнеше ондаған минут кешігіп жеткен, салдарынан бұл шұғыл әрекет етуге кері әсерін тигізген.
Жаңа Cell Broadcast жүйесі мобильді құрылғылар арқылы нақты уақыт режимінде хабар таратып, ескерту ақпаратын жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Чехияда 3-4 қазанда парламенттік сайлау өтетіні хабарланды.