Чехияда баға өсімі жаңа рекорд орнатты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазан айында Чехияда тұтыну бағалары жылдық есепте 2,5 пайызға өсті. Чехиялық статистика басқармасының деректері бойынша, қыркүйекте инфляция 2,3 пайызды құраған, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ

инфляция
Фото: Азертадж

Dnes басылымының мәліметінше, бағаның көтерілуінің негізгі себебі — азық-түлік пен алкогольсіз сусындар. Бір ай ішінде олардың бағасы 1,1 пайызға, ал жылдық есепте 3,6 пайызға өскен. Әсіресе кофе бағасы шамамен төрттен бірге қымбаттап, шоколад пен кондитерлік өнімдер 18 пайызға көтерілген. Сүт, ірімшік және жұмыртқаның бағасы шамамен 8 пайызға, ет 6 пайыздан астам, нан мен дәнді дақылдар 3 пайызға қымбаттаған. Алкогольдік сусындар 4 пайызға, темекі 6 пайызға қымбаттаған.

Тек азық-түлік қана емес, тұрғын үй мен қызмет түрлері де бюджеттің ауыртпалығына әсер етеді. Пәтер жалдау 5,8 пайызға, су 4,2 пайызға, кәріз қызметі 3,7 пайызға, жылыту және ыстық су 1,8 пайызға қымбаттаған. Бұл ретте электр энергиясы 3,6 пайызға, газ 7,9 пайызға, қатты отын 2,6 пайызға арзандаған.

Қоғамдық тамақтану және қонақүйлер қызметтері де қымбаттаған: мейрамханалар мен кафе 4,4 пайызға, қонақүйлерде тұру құны 6,6 пайызға өскен. Ал киім бағасы 1,6 пайызға, аяқ киім 3,3 пайызға арзандаған.

Экономистердің айтуынша, энергия бағасы арзандағанына қарамастан, азық-түлік пен тұрғын үй бағасының өсуі отбасылардың бюджетін әлі де қысымға ұшыратып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Чехияда 2025 жылдың алғашқы алты айында халық саны 27 мыңнан астам адамға азайды.

Соңғы жаңалықтар