Чехияда бұрын «элитаға арналған» қытай автокөліктері құрастырылады
АСТАНА. KAZINFORM — 1959 жылы негізі қаланған Қытайдың ең көне автокөлік өндірушісі Hongqi бастапқыда тек жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктер мен партия қызметкерлеріне арналған автокөліктерді ғана шығаратын, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Енді бұл компания өз өнімдерін жақын арада Чехия Республикасына жеткізе бастайды.
Агенттік хабарлауынша, мұны чех нарығына арналған бөлшектерді импорттап, жергілікті автозауытта құрастыруды жүзеге асыратын словакиялық Plastonic компаниясы мәлімдеген.
— Бізге белгілі болғандай, Hongqi әлемдік люкс автокөліктер нарығында өз орнын алуды көздеп отыр және Rolls-Royce, Bentley мен Mercedes-Maybach сияқты әйгілі брендтермен бәсекелес болғысы келеді. Бұл — шынымен де үлкен әрі батыл мақсат. Біз осы үдерістің бір бөлігі болуға және бұл автокөлік өндірушіні біздің аймақта таныстыруға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз», — деді Plastonic компаниясының бас директоры Бранислав Коцпер баспасөз хабарламасында.
Оның сөзінше, қазірдің өзінде Чехияда Hongqi-дің екі дилерлік орталығы, ал Словакияда алтауы салынып жатыр.
Чех нарығына алғаш болып 640 шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтетін EH7 электрлік седаны мен 500 шақырымнан астам жүретін EHS7 электрлік кроссовері ұсынылады. EH7 седанының бастапқы бағасы — 1 349 900 чех кроны (шамамен 54 400 еуро), ал EHS7 кроссоверінің бағасы 1 479 900 кронына (шамамен 59 600 еуро) тең.
Айта кетейік, бұл брендтің өндірісі 1981 жылы тоқтаған болатын, алайда 1990 жылдардың ортасында қайта жандандырылды. Hongqi бренді FAW концернінің құрамына кіреді. Өткен жылы компания Еуропа нарығына толыққанды шығатынын және алдағы 5 жыл ішінде 12 жаңа үлгіні ұсынатынын жариялаған.
Hongqi атауы қытай тілінен аударғанда «Қызыл ту» дегенді білдіреді, ал оның дұрыс айтылуы — «Хончи» немесе «Хонгши».
Бұған дейін Тынық мұхитында бортында 3 мың көлік бар кеме суға батып кеткенін жазған едік. Кеменің бортында Мексика нарығына арналған қытайлық көліктер болған көрінеді.